Сен мені ұмыттың, жаным,
Ұмыттың нұрлы күндерді.
Алаулап жүзінде жалын,
Ұнаттың екен кімдерді.
Ақ нұрым жүрем деуші едің.
Аялап қызғышша қорып…
Беймәлім жат бір қақпаны,
Тықыршып жүр ме екенсің торып.
Бүр ашпай махаббат гүлі,
Қалса егер өне алмай солып.
Қалармын жүрегіндегі
Бір түйір ақ нүкте болып.
Жазылған әріптен гөрі,
Нүктені өшіру қиын.
Осынау жыр жолдарымды,
Оқырсың түсірмей иін.

Тұрсынхан Әбдірахманова